ISSN 1991-3087
Рейтинг@Mail.ru Rambler's Top100
Яндекс.Метрика

НА ГЛАВНУЮ

Методы развития музыкального восприятия у детей дошкольного возраста

 

Мендаякова Куанышкул Мендаяковна,

доктор педагогических наук, профессор, научный руководитель,

Камза Гаухар Баймырзакызы,

магистрант.

Казахский государственный женский педагогический университет.

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың музыканы қабылдауын қалыптастыру әдістері

 

Меңдаяхова Қуанышкүл Меңдаяхқызы,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

Қамза Гаухар Баймырзақызы,

Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығының 1 курс магистранты, Алматы қаласы.

 

Музыка – рухани мәдениеттің биік шыңы. Музыка әуезі адаммен бірге жасап, асқақ рух береді, сезімін сергітіп, шабытын шыңдайды. Музыканы қабылдауға үйрету - музыкалық мәдениетті қалыптастырудың негізі болып табылады.          Музыкалық шығарманы балаларға ұсыну алдындағы музыка жетекшісінің шығарма барысын шынайы, рухани сезімде сипаттауы және оның әдеби шығармаларды пайдалануы шын мәнінде, сол шығарманың орындалуының бөлінбес бөлшегі, шығарма туралы алғашқы түсінік-танымының алғышарты ретінде аса маңызды қызмет атқарады. Мұның өзі баланың тыңдау, есте сақтау, қиялдау, өз ойында зерделеу қасиеттерін ұштап, адамгершілік-эстетикалық сапаға ұмтылу сияқты шығармашылық қабілетін, музыкалық талғамын жігерлендіреді.      

Музыканың психологиялық маңызын зерттеушілерінің бірі Н.Н.Поддъяковтың паймдауынша: «Музыка ойлаудың әрекеттік, бейнелілік, логикалық түрлерін қалыптастыра алады және ол қалыптасулар өзара тығыз байланыста біртұтас жүзеге асады» дейді. [1]. Әрекеттік ойлау - әрекет үрдісінде белсенді жүреді. Мәселен, музыкалық шығарманы қабылдау алдындағы музыканы «тыңдау» әрекетіне қызығушылығын арттыру арқылы ғана әрекеттік ойлау іске қосылады. Ойлаудың әрекеттілік түрінің негізінде бейнелі ойлау пайда болады. Музыкалық шығарма және оның авторы, шығу тарихы туралы көркем де, әсерлі әңгімелеу баланың бейнелі ойлауын оятады. Осы бейнелі ойлар бала зердесінде әдеби сөздермен бекіп, бала енді музыканың өзін іздей бастайды да, ынта қойып тыңдайды.

Бала музыканы ойында қабылдай отыра, музыка туралы өзіндік қиялы шарықтап, ұтымды ойлар мен жүйелі ұғымдар жүйесі пайда болып, ерекше рухани сезімге бөленеді. Ендігі жерде оның шығарманы қабылдауға эмоциялық дайындығы артады.

Халқымыздың ұлттық музыкалық мұрасы өте бай. Оған мысал ретінде халық күйі «Ақсақ құлан», Саймақтың «Сары өзені» т.б. көптеген аңыз-күйлерді алуға болады. Шығармамен таныстыру барысында болған қызықты, таңғажайып деректер оқушыларға әсерлі етіп баяндалуы тиіс. Мысалы, М.Төлебаевтың «Домбыра сыры» шығармасы. Әнді жаттау барысында қазақ халық аспабы домбыраның әсерлі күші және «Ақсақ құлан» туралы халық аңызын айтуға болады. Аң аулап жүріп қайтыс болған ұлының өлімін Жошы ханға естірту үшін «Ақсақ құлан» күйін домбырада орындап, Жошы ханның «кімде-кім ұлым туралы жаман хабар әкелсе, оның көмейіне қорғасын құямын» деген қатыгез жазалауынан осы домбыра тілі, күмбірлеген үні арқылы құтылады. Осындай қызықты аңызды тыңдағаннан кейін «Ақсақ құлан» күйін оқушыларға жеке домбырашының орындауында тыңдатқан орынды.

В.А. Сухомлинский: «Музыка арқылы тәрбиелеу- бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу» - деген [2]. Мектепке дейінгі жастағы балалар көңілді, қуанышты өлеңдерді бар ынтасымен тыңдайды. Олар қуаныш пен шаттыққа толы өздерінің балалық өмірі туралы шығармаларды немесе өлеңдерді қызыға қабылдайды.

Мысалы, «Біз өмірдің гүліміз» атты әнді үйретуге мысал келтіргім келеді, әні Б. Ғизатовтікі,сөзі А. Дүйсенбаевтікі.

 

 

Бұл-қуанышты балалық шақ, бейбітшілік пен достық туралы көңілді ән.

Қоршаған ортаның әсемдігін, бейбітшілікте, тыныштық пен ынтымақ аясында өмір сүрудің бір бақыт екенін сезінеді.

Әдеби мәтінде бұл туралы өте көп салыстырулар бар:

1)Зеңгір көктем                                            2) Тыныштықта

Нұрын төккен                                              Нұр құшақта

Ортақ біздің күніміз                                    Бақыттымыз бәріміз

Жайнап өскен                                              Бал достыққа

Жайдары өскен                                            Жолдастыққа

Біз-өмірдің гүліміз                                       Шақырады әніміз

Бұл әннің әуенінің өзі мәтінмен байланысқан. Мысалы, «зеңгір көктем,нұрын төккен», сөздерінде әуен төмен түседі, ал «ортақ біздің күніміз» сөздерінде әуен күнге өз қатынасын көрсеткендей жоғары көтеріледі. Шынымен де, күн жылу шашады, күн барлық адамдарға, жан-жануарлаға, өсімдіктерге қуаныш сыйлайды. Ал келесі «жайнап өскен, жайдары өскен, біз өмірдің гүліміз» сөздері арқылы берілетін тіркестердің әуені- «балалық шақ- өмір қызығы»- деген ойды айтуға құрылған. Балалық әлем көркем бейнелердің нақтылығы, поэтикалық мазмұны мен ырғақтарының үйлесімділігі, тілінің қарапайымдылығы, айқындығымен ерекшеленеді.

Көрнекті педагог-композитор Д.Б Кабалевский: «Музыка- адамға эмоционалды әсер ету күші бар өнер... Сондықтан да ол балалар мен жасөспірімдердің рухани әлемін тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады» - деген[3]. Демек, музыка адамға әсер етіп қобалжытуға, қуантуға, өзіне деген қызығушылық тудыруға қабілетті.

Б.Яворский музыканы қабылдау ісіне негіз болатын нәрсе – ойлау, бәрімізге анық естілетін сөйлеген сөз сияқты түсіне білу деп есептесе [4], Б.Асафьев ұстаздар арасында кеңінен қолдау тапқан тәсілдерге мән беруді ұсынады: белгілі бір шығарманы «жанды орындау» арқылы таныстыру, сол арқылы музыкалық терминдерді жеткізу, оларды пайдаланудың анық та, айқын түсінікті түрін қарау. Ең негізгісі – оларды қызықтыра білу[5].

Педагог сабақ барысында музыканы тереңірек қабылдауға қызығушылығын оята отырып, әртүрлі оқыту-тәрбиелеу әдістері арқылы оқушыларды өз беттерінше эстетикалық жаңалықтар ашу деңгейіне жетелеуі қажет.

Осы тұрғыда Д. Кабалевский былай деп жазады: «Музыкаға деген қызығушылық, музыкамен әуестену, ұнату – оның ғажайып сұлулығын түсіну үшін қажетті шарт. Сонда ғана ол өзінің тәрбиелік және танымдық ролін атқара алатын болады».

Белгілі Ресей ғалымы, көрнекті ұстаз О. Апраксина: «Музыканы қабылдауға тәрбиелеу, басқа қабілеттерді дамыту секілді белгілі бір кезеңдерден өтуі керек»,- дейді [6]. Балалар әртүрлі музыканы тыңдай отырып, олардың тек жанрлық ерекшелігін ғана анықтап қоймай, белгілі бір шығарманың мазмұнын жеткізу үшін композитордың қандай құралдарға жүгінгендігін әңгімелей білуі тиіс. Мысалы, әуеннің желісі, ырғақ өрнегі, екпіннің ауысуы, саздың өзгеруі, динамикалық белгілер және т.б.    Тыңдалатын музыканың сипатына орай түрлі ырғақтық қимылдар жасатуға, аспапта қосып орындауға, оның негізгі әуенін үйренуге болады. Музыканы қабылдау тек оны тыңдау барысында ғана емес, сабақтың барлық кезеңінде де жүзеге асырылады. Мысалы, ән үйрену үшін алдымен тыңдау керек, сонан соң орындау барысында интонация тазалығына, мәнерлігіне назар аудару керек. Балаларға арналған соқпалы аспаптармен ырғақ өрнегін орындағанда болсын, музыканың әуеніне би қимылдарын жасағанда болсын, музыканың қалай өзгеретінін байқап, сол көңіл-күйді бала өзінің қимылы арқылы жеткізе білуі тиіс. Міне, мұның барлығы да музыканы қабылдау кезеңіне жатады.

Осы орайда пәнаралық байланыс тәсілін ұсынғым келеді. Бұл тәсіл- ішкі терең эмоциялы қабылдау үшін өте қажетті тәсіл. Ол музыканың- әдебиет, өнер, тарих, бейнелеу өнері, би өнері, табиғатпен өзара байланысы арасындағы жалғастыққа негізделінеді. Бала ерте жастан бастап музыканы қозғалыс арқылы меңгереді. Пластикалық қозғалыстар, пластикалық этюдтер балаға өзінің рухани күйін түсіндірмей, музыканы өзіндік қабылдауын көрсетуге мүмкіндік береді және музыкамен жеке қарым-қатынастың құпиясын бұзбай, шығарманың поэтикалық әлемінің тереңдігіне педагогтың рухани зейінін аударуға көмек береді. Мен осы тәсіл негізінде ересек топ балаларына арналған А. Еспаевтың «Ортеке» әнін үйрету үшін қолданылатын тәсілге тоқталғым келеді.

Сабақ жоспары:

1. Кіріспе сөз: (Таутекенің мүсінін ағаштан жонып, аяқтарын бөлек жасап, қозғалып тұратындай етіп, жіппен жалғастырып, таутекеге ұзындау берік жіп байлап, үйдің өрлігіне, не тіреуіне қағылған шығыршықтан өткізіп әкеліп, бір ұшын қолға іліп, домбыра тартқанда, ол кәдімгідей орғып, қарғып, секіріп, оңға-солға бұлтыңдап, ойнай жөнеледі. Осы ойыншықты «ортеке» дейді. Оның әлгі қимылдарын «Ортеке биі» деп атайды. Осымен бала ойнатады).

2. Аспапта ойнау.

Барысы: Таутеке- бұл отарды басқаратын маңғаз жануар. Таутеке біресе жоғары, біресе төмен түсіп ешқашан бір орнында тұрмайды. Таутекенің тұяғымен жоғары, төмен қарай секіріп жүруі әртүрлі ырғақты айшықтарды тудырады. Таутеке туралы айта отырып, әнді аспапта сүйемелдеу арқылы орындаймын. Содан кейін, сүйемелдеген бейнелеу элементтерін мұқият тыңдауға назар аударамын. Олар таутеке тұяғының тоқылына, оның секіру ырғағына мән беріп, соған еліктейді. Ән әуенін жақсы меңгерту үшін ән әуенінің ерекшеліктері туралы айту керек. Ортекені сипаттай отыра, балалармен диалог орнату барысында, ән сипаты, ән ырғағының ерекшеліктері туралы балалардың өздері айтып, анықтама беруге бейімдеп, ізденуге талпындыру қажет. Осыдан кейін әуенді ырғақтық суретті меңгертуге көшуге болады. Оларға теке тұяғының тоқылына еліктеу арқылы парта бетінде ырғақ жасауды ұсынуға болады. Сонымен, эмоционалды- саналы қабылдау музыканың мазмұнына терең үңілу және оның идеясын түсінуге игі әсер етеді.

Баланы музыка тыңдауға, тыңдай отырып, оны саналы түрде қабылдауға баулу музыкалық тәрбие беру жұмысындағы күрделі міндеттердің бірі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.                  Н.Н. Поддъяков, Творчество и саморазвитие детей дошкольного возраста. Концептуальный аспект.-Волгоград, 1994.

2.                  В.А.Сухомлинский. О воспитании. Москва, 1982

3.                  Д.Б. Кабалевский, Музыка туралы әңгіме. Алматы, Өнер, 1989.

4.                  Б.Яворский. Избранные труды.ч 1, Мосвка,1964.

5.                  Асафьев Б.В. Интонация // Музыкальная форма как процесс. – Л., 1963.

6.                  Апраксина О.А. О праве учителя – музыканта на эксперимент. Музыкальное воспитание в школе. – Вып. 13. – М., 1978. – С. 66-76.

 

Поступила в редакцию 28.01.2013 г.

 

2006-2019 © Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов.
Все материалы, размещенные на данном сайте, охраняются авторским правом. При использовании материалов сайта активная ссылка на первоисточник обязательна.