ISSN 1991-3087
Рейтинг@Mail.ru Rambler's Top100
Яндекс.Метрика

НА ГЛАВНУЮ

Методы развития интереса к музыке у дошкольников

 

Камза Гаухар Баймырзакызы,

старший преподаватель кафедры теории и методики дошкольного и начального образования Казахского национального педагогического университета им. Абая.

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың музыкаға қызығушылығын дамыту әдістері

 

Қамза Гауһар Баймырзақызы,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы,Алматы қаласы.

 

Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатында – экономикалық өсім және азаматтардың әл-ауқатының тұрақты дамуын қамтамасыз етуде білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту үшін оны түбегейлі жаңғырту керектігі аталған [1].

Мектепке дейінгі балалар білім берудің барлық деңгейлерінде білімді тез қабылдап, жалпы өмірде табысты болып келетіндіктен, мектепке дейінгі ұйымдағы оқыту мен тәрбиелеу үдерісі оларды алғашқы біліммен қаруландырып, қоғам талабына сай тұлғаны қалыптастырудағы алғашқы негіз болады.

Қазақстанда білім берудің бүкіл жүйесін ұлттық негізде қайта кұру жағдайында мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың ұлттық музыка өнеріне, соның ішінде ұлттық аспаптарда ойнауға қызығушылығын арттыру және оны тереңірек меңгерту қажеттігі туындайды. Ол баланың көркемдік қабылдауы мен талғамын, эстетикалық қызығушылығын, қажеттілігін дамытады, болмысқа деген шығармашылық қатынасын арттырады. Балалар өнерге еліктеген жағдайда, олардың тәрбиесінде ең алдымен ұлттық құндылықтарды, әсіресе төл музыкалық өнерімізді дұрыс қабылдап, аспаптық музыкаға әуестенуге баулу, оларды меңгерту теңдесі жоқ рөл атқарады. Жеке тұлғаның эмоционалдық мүмкіндігін көтереді.

Әл-Фараби [2], А.Құнанбаев [3], Ы.Алтынсарин [4] және т.б. болашақ ұрпақтың ән, күйге, халықтың музыка өнеріне деген сүйіспеншілікті қызығуы арқылы қалыптастыруды еңбектеріне арқау еткен.

Мектепке дейінгі балаларды эстетикалық тәрбиелеу мәселелерін Н.Құлжанова,А.К.Меңжанова,Қ.М.Меңдаяқова, Ф.Н. Жұмабекова және т.б. зерттеген. Ресейде және шетелдерде Б.Т.Лихачев, П.В.Халабузарь, В.С.Попов, А. Н.А.Ветлугина, А.Бейлино, Л.Кузмичева, М.А.Михайлова және т.б. мектеп жасына дейінгі балалардың музыкалық іс-әрекетін, ұйымдастыру формалары мен әдістерін, музыкалық қызығушылығының ерекшелігін теориялық және әдістемелік тұрғыда негіздеген.

Балалардың өнер-білімге деген талабы олардың қызығушылығын оятып, тәрбиелеген жағдайда ғана жеміс бере алатындығына халқымыздың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсарин [5] сол кездің өзіңде-ақ жіті назар аударып, пікір білдірген болатын.

Ы.Алтынсариннің көзқарастарында балаларды мектепке, сабаққа, кейіннен ғылымға өз бетімен құмарлануға талаптандыратын (ынталандыратын, ықыластандыратын) - сабақтың балаларға ана тілінде қарапайым, қызықты ұғындырылып, әңгімелер мен ертегілер, мысалдар мен өлеңдердің орынды пайдаланылуы. Сонда ғана олардың білім алуға қызығушылығы арта түсетінін білдіреді.

Ы.Алтынсарин - қазақ музыкасын өте жоғары қастерлеген, өзі домбыра шерте білетін, қазақтың халық әндерін сүйіп айтатын адам болған. «Өнер көзі халықта» деп, халықтың әнін, күйін, жырын, аңыз-әңгімелерін белгілі адамдардан (Нұржан, Орынбай, Сейтахмет т.б.) тыңдап, олардың үлгілерін жазып алып, өзінің білген әндері мен күйлерін оқушыларға үйретіп отырған. Ондағы мақсаты – оқушылардың санасына халық әуені мен сазындағы сарындылықты, мәнерлікті, ырғақты, мазмұндағы ғибратты, өнегелі сөздерді жастайынан сіңісті ету, оған деген құрмет сезімін ояту.

Мектепке дейінгі ұйымның музыка жетекшісі - музыканы оқыту арқылы бала бойында музыка мәдениетін қалыптастырушы маман. Музыка жетекшісі оқу мен тәрбие жұмыстарын балабақшада қойылатын талаптарды басшылыққа ала жүргізеді. Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың музыкаға қызығушылығын арттыру үшін тәрбиеші өзінің алдына белгілі мақсат қоюы тиіс. Ал осы музыка сабағындағы қойылған нақты мақсат белгілібір музыкалық тәрбиенің міндеттерін жүзеге асыруды көздейді.

Қазіргі музыка сабағы - мектепке дейінгі ұйымдағы музыкалық тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі формасы, музыка сабағында балалар педагогика ғылымының оған қойылатын соңғы талаптары бойынша мынадай іс-әрекеттермен айналысады: хормен ән айту, музыка тыңдау, музыкалық ырғақтық қимылдар, балалар аспабында ойнау, музыка сауаты, балалар шығармашылығы т.б.

Балалардың сабаққа қызығушылығын арттыру үшін алдымен баланы тыңдаған музыкасын қаншалықты түсінетіндігін байқау мақсаты көзделіп, халқымыздың кең тараған аспабы домбырада Раздықтың «Аңшының зары» деген күйін тыңдатамыз. Балаларға «Аңшының зары» күйін тыңдатпас бұрын мынадай әңгіме жүргізуге болады. Раздықтың бұл күйінде ағайынды екі жігіт ортасында өткен тарихи трагедия баяндалады. Аңшылықты кәсіп қылған екеуі бір себеппен елден кетіп, таудың шатқалын мекендейді. Күндердің күнінде екеуі екі қырқада аң аулап жүргенде, ағасы бір құлан атып алады. Құланның етін қапқа салып, терісін күнге дегдітіп отырғанда, аспанды аяқ астынан бұлт торлап, қалың нөсер бұршақ құйып кетеді. Аңшы құланның терісін тастың қуысына күркелеп, соны пайдалануға мәжбүр болады. Құланның терісін аң екен деп ойлап қалған інісі ойланбастан садақ тартып қалады. Құланды бауыздап ала қояйын деп келсе, өліп жатқан өзінің ағасы болып шығады. Ағасын келмеске жөнелткен бейбақ акыр қайғыға душар болып, еңіреп жүріп ағасын арқалап қосына қайтады. Бірден қосқа әкелуге батылы бармай, сүйекті бір жерге жайғастырып, ауылға келеді. Алдынан шыққан жеңгесі қайнысын қаннен-қаперсіз қарсы алады. «Кешіктіңдер ғой, ағаң қайда?, деген сұраққа қайнысы айтарға жауап таппай, жол сылтау айтып қосына кіреді. Сол кезде керегеде тұрған қоңыр домбыра қолына түсіп, бір мұңды күй шертеді. Сезімтал жеңгесі «Ойпырым-ай! Мына күйің мен бұрын-сонды естілмеген бір зар ғой! Сен не сұмдықты бастап отырсың? Осы ағаңнан айрылғаннан саумысың?»- депті. Сонда аңшының қолынан домбыра түсіп кеткен екен.

Раздықтың «Аңшының зары» күйі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі қос ішекті «шалыс қағу» арқылы оқиғаның кіріспесін суреттейді, екінші кезеңі әр ішекті даралап «іліп шерту арқылы жүрек шерін қозғап, қаралы жанның қайғылы шағынуын баяндайды. Күйдің соңғы бөлігі жоқтау болып келеді. Бұл бөлімде күйден гөрі, әнге жақын сарын естіліп, қос ішекте «Қайран менің ағам-ай, қапы еткен ағам-ай» деп жоқтау айтқандай болады.

Раздықтың «Аңшының зары» күйі тыңдалды.

-                     Балалар, осы күйді тыңдай отырып көз алдарыңа қандай бейнелік көріністі елестеттіңдер?

-                      Сипаты қандай екен? (көңілді, мұнды, қайғылы т.б.)

-                     Күй қандай көңіл-күйді білдіреді?

Балалармен күй жөнінде әңгіме-талдау жасап болған соң, күйді естеріне ұзақ сақтап қалу мақсатымен қайта бір тыңдатамыз. Сабақтың әсерлі бола түсуі үшін домбыра аспабын балаларға көрсетіп, оның керемет дыбыс шығаратын қасиеті жөнінде айтып, аспаптың құрылысымен оның шығу тарихымен таныстырса артық болмайды.

Негізгі мақсатымыз, кіші мектеп жасындағы оқушылардың ұлттық аспаптарда ойнауға қызығушылығын арттыруды күй арқылы жүзеге асыру және бұл шығарманың бейнелік, мәнерлік мүмкіндіктерінің мол екендігін мәлімет беру. Сабақты қызғылықты ұйымдастыру үшін тәрбиеші бұдан басқа да түрлі ойын элементтерін сабақ мазмұнына кірістіруге болады.

Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күнінен бастап – ақ маңызды орын алады. Алайда жақсы, дұрыс ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады. Ойын мектепке дейінгі тәрбиешілердің бірден-бір көмекшісі болуы керек.

К. Д. Ушинский мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшеліктерін ескерсе, былай деп жазады: «Бала табиғатты көрнекілікті аса қажетсінеді. Балаға өзіне белгісіз бес сөзді жалаң үйрете бастасаңыз, көп уақытты зая кетіріп, босқа қиналасыз. Ал енді жиырма сөзді суреттермен байланыстыра үйретсеңіз, бала оны лезде қағып алады. Сіз балаға қарапайым ғана ойыңызды қанша түсіндірсеңіз де, оңай ұға қоймайды. Дәл сол ойды күрделі суреттер көрсете баяндасаңыз, ол сізді тез түсінеді».

Педагогикалық үрдісті жетілдіруде ойынның алар орны жөнінде қазақстандық ғалым Н. Құлжанова да зерттеген. Ойын бала үшін еліктеу, инстинкт күнделікті негізгі іс - әрекет және өмірі деп дәлелдеген.

Н. Құлжанованың айтуы бойынша ойынды әдептілік, тәрбиелік мақсатқа пайдалану - болашақ өміріне түзу жол алу, үлкендерге еліктеу және өмірдің талаптарына сай бейімдеу деп түсіндірген.

Мектепте дейінгі ұйымның музыка сабағында да ойын технологиясын қолдана отырып, материалды тез меңгеруге, музыкалық шығармаларды қабылдауға, әуенді ести білуге үйретуге болады, оқытылатын барлық пәндер сияқты музыка сабағында да ойынның маңызы зор.Ойынды әдетте тәрбиеші сабақ алдында не сабақты қорытындылар сәтте пайдаланады.

Сондай ойындардың бірі – «Ойлан, тап!» жұмбақ ойыны.Жұмбақ ойынды қолдану арқылы балалар аспаптар түрлерін, құрылысын ажырата отырып, тапқырлыққа, шапшаңдыққа үйрене алады.

Ұзын мойын екі ішек,

Қатар-қатар тепкішек.

Басып қалсаң бір-бірлеп,

Күй шығады күмбірлеп, (Домбыра)

Саусақ батпас түтіктен,

Сандуғаш құс сайрайды. (Сыбызғы)

Сексен бес тілі бар,

Әр тілдің Өзіне тән үні бар. (Күйсандық)

Музыка - эстетикалық тәрбие беру құралдарының бірі. Өнердің басқа түрлері сияқты ол да өмірдегі әсемдікті, табиғат сұлулығын бағалауға және адамдар арасындағы қарым-қатынастарды түсініп, білуге үйретеді. Баланы жастайынан өнерге баулып, музыка әлемімен таныстыру, оны сезіндіріп ән айтқызып, күй тартқызудың мақсаты –халқымыздың асыл қазынасын, дәстүрлі ән-күйлерін бойларына сіңіре білу, олардың эстетикалық талғамын жан-жақты байытып, дамыту - бүгінгі таңда өте маңызды мәселеге айналып отыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.                  Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілген. www.Government.kz.

2.                  Кабуснама. Алматы, Балауса, 1992 ж. 119-121-б.

3.                  Абай (Ибраһим Құнанбаев). Екі томдық шығармалар жиынтығы. Т. 2. - Алматы: Жазушы, 122-161-6.

4.                  Алтынсарин И. Собрание сочинений в 3-х томах, Т. 1. - Алма-Ата: Наука, 1975.

5.                  Алтынсарин И. Собрание сочинений в 3-х томах, Т. 1. - Алма-Ата: Наука, 1975. - 395 с.

 

Поступила в редакцию 23.12.2014 г.

2006-2019 © Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов.
Все материалы, размещенные на данном сайте, охраняются авторским правом. При использовании материалов сайта активная ссылка на первоисточник обязательна.