ISSN 1991-3087
Рейтинг@Mail.ru Rambler's Top100
Яндекс.Метрика

НА ГЛАВНУЮ

Проблемы обучения письму в период обучения грамоте

 

Абилхаирова Жанар Аитбаевна,

кандидат педагогических наук, старший преподаватель кафедры педагогики и методики начального обучения Кызылординского государственного университета им. Коркыт Ата, Республика Казахстан.

 

Сауат ашу кезеңіндегі жазуға үйрету мәселелері

 

Абилхаирова Жанар Аитбаевна,

педагогика ғылымдарының кандидаты.

 

Бастауыш білім - үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Осыған орай оқушыға белгілі бір көлемдегі білім дағдыларын меңгертумен бірге, оларды сауатты жазу мен оқуға үйрету – бүгінгі күннің басты талабы. Мектептегі оқыту үдерісі сауат ашудан басталатыны белгілі. Сауат ашу жұмысының негізгі мақсаты – балаға хат таныту, оқу мен жазуды үйрету. Сауат ашу – аса жауапты да күрделі жұмыс. Өйткені сауат ашу кезеңінде оқушылар дыбысты әріппен таңбалай білуге үйреніп қана қоймайды, сонымен бірге каллиграфиялық талапқа сай жазуға дағдылануы тиіс.

Жас бүлдіршіндердің мектеп табалдырығын аттаған кезде алғаш танысатын оқулығы − Әліппе. Балалардың оқу, жазу дағдылары мен ойлау қабілеттері осы оқулық арқылы қалыптасады және дамиды.

Сауат ашу бағдарламасында бұл пәнді оқытудың басты мақсаты – оқу мен жазу дағдысын қалыптастыру, байланыстарын сөйлеуге үйрету, алғашқы грамматикалық мағлұматтарды меңгерту; ана тілін сүюге, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту болып саналады.

Сауат ашуға дейінгі дайындық кезеңінде жазуға дайындық жұмыстары жасалады: партаға дұрыс отыру, қарындаш, қаламды дұрыс ұстау, дәптерді партаға дұрыс қою, өшіргішті пайдалану сияқты жұмыстармен қатар балалар дәптердің сызығымен таныстырылады: өздері тік, көлбеу, ирек сызықтар сызып дағдыланады. Оқушылардың қолын жазуға жаттықтыру үшін мұғалім әріп элементтеріне ұқсас фигуралар жасап, оны оқушыларға сыздырады. Жазу – ұзақ уақытты қажет ететін, бірте-бірте қалыптасатын күрделі үдеріс. Ол оқушыларға графикалық таңбаларды (әріптерді) үйретуден бастап өз ойын мағыналық және логикалық бірлікте құрастырып, қағаз бетіне түсіруге, яғни жазбаша жеткізуге дағдыланғанға дейінгі ұзақ уақытты қамтиды.

Бағдарлама талабы бойынша алғашқы кезде жазудың графикалық дағдылары қалыптастырылуы керек. Яғни, әріптерді дұрыс бейнелеу және оларды бір-бірімен (бөліктері арқылы) дұрыс жалғастыру, сөздің дыбыстық және әріптік құрамын, жазылуы, айтылуы, біртұтас болып келетін, жазу дағдыларын қалыптастыру көзделеді. Балаларды әріп, буын және сөздердің жазылуына дағдыландырумен бірге, жазу барысында олара қол қимылын дұрыс меңгеру жағын да ескеру қажет. Бұл екі жағдай үнемі тығыз байланыста болып, оқушыдан көп жаттығуды қажет ететін үлкен төзімділікті, күш жұмсауды және ұзақ мерзімді керек етеді. Оқушы жазу дағдыларын меңгеруде түрлі қиындықтарға кезігеді. Бұл тағы да жазудың күрделі екендігін көрсетеді.

Оқушыларды дұрыс әрі көркем жазуға үйрету үшін оның қалыптастыру жолдарын білу керек. Яғни, психологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет. Жазу дағдыларын қалыптастыру және оны дамытып отырудағы негізгі шарттардың бірі әрі бастысы оқушылардың жазба жұмыстарын орындау кездегі психологиялық ерекшеліктерін айқындау болып табылады. Сынып оқушыларының біреуінде немесе әрбір оқушыда жазба жұмыстарын орындау барысында әртүрлі психологиялық өзгерістер болып отыруы мүмкін. Ондай психологиялық өзгерістерді байқамау салдарынан орындалған жазба жұмыстарының нәтижесі де әр деңгейде болады.

Бұл жұмыстардың мақсаты - балаларды көркем, анық дұрыс жазуға үйрету. Ол үшін жазуға мынадай шарттар қойылады:

1) Әріптердің негізгі элементтерінің және сөз ішіндегі әріптердің бір-бірінен қашықтығы біркелкі болуы.

2) Әріптердің биіктігі біркелкі болып шығуы

3) Әріптердің негізгі элементтерінің біркелкі келбетпен жазылуы

4) Сопақша және жарты сопақша құрсау түріндегі әріп элементтерінің, сондай-ақ қисық, түзу сызықтан құралатын әріп элементтерінің бір-бірімен кілт жалғастырылмай, бірте-бірте созылыңқырап барып, жіңішкеріп жалғастырылуы.

5) Әріптердің кескіні қабылданған үлгіге сәйкес дұрыс жазылуы.

6) Сөздерді жазғанда әріптердің дұрыс жалғастырылуы.

Жазу барысында орындауға тиіс ережелерді мұғалім балаларға оларды жазуға үйретуден бұрын көрсетіп, түсіндіреді: мысалы, екі аяқ тік бұрыш қалыпта бүгіліп немесе жазылыңқырап еденге тіреліп тұрсын; жазғанда көкіректі столға тақап тіремей, столдың шетінен 3 см қашық ұстап түзу отыру керек.

Екі иық кеудемен бірдей, түзу тұруға тиіс. Жазғанда оқушы тым еңкейіп, столға көкірегін тіреп отырса, дәптерге көзі тым жақындап, жақыннан көруге үйреніп кетіп, бірте-бірте сәл алыстағыны көре алмайтын болады. Дәптерге жарық сол жақтан түсіп, қолы жазуды көлеңкелемейтін болсын. Екі қол шынтаққа дейін стол үстіне қойылсын. Дәптерді сол қолымен ұстап, жазу төмен түскен сайын жоғары жылжытып отырған дұрыс. Қолдың қалам ұстаған жері көкіректің дәл орта тұсында болу керек. Дәптер де оқушының көкірегінің дәл орта тұсында жатсын. Әйтпесе басты оңға я солға қисайту немесе дәптерге көздің қиығымен қарауға тура келеді [1].

Жазуға жаттығудың кіріспе әңгімеден басталғаны жөн. Мұғалім балаларды жазуға қызықтыра білуі қажет. Оқушылардың жаңа әріпті жазуы оларды әріптің жазбаша үлгісімен таныстырып болған соң басталады. Оқушыларға әріп элементі көрсетілген бірінші жолды таптырады да, ондағы әріп элементінің жазылуына назар аудартады, жазу жолының қай тұсынан бастап жазу керектігін түсіндіреді. Қызыл түспен жазылған элементті құс тілінің бағыты бойынша бастырып жазу ұсынылады. Бастырып жазғанда жасалынған қол қимылын есте сақтай отырып, оны ауада жазып көрсету талап етіледі. Тағы да жазылуын еске түсіріп, әрі қарай сол элементті сол жолға жалғастырып жазу тапсырылады. Сонан соң балалар өздерінің жазғандарын дұрыс, бұрыстығын білу үшін, жол басындағы үлгімен салыстырып отырады. Мұғалім сыныпты аралап жүріп оқушылардың жіберген қателерін көрсетіп шығады. Әр оқушыға жазу жұмысының қорытындысына байланысты ескертулер жасап, баға береді. Біреулерін мақтаса, біреулерін көтермелейді, біреулеріне жіберген қателігін, не ескермеген жерлерін көрсетеді, ендігілеріне таза жазбай, лас жазғанын ескертіп, ұқыпты жазу керектігін айтады. Әрбір жаңа жазылған әріп бұрынғы қатені жоюға ғана бағытталғанға ғана саналмай оны дұрыс жазуды әрі қарай жалғастыру деп білу керек. Екі-үш жол жазу жазылған соң, сергіту минуты жүргізіледі [2].

Мұғалімнің алдында жазуға үйретудің бірінші күнінен бастап, көлбеу жазуды сақтап жазу, көлбеу жазу дағдыларын жетілдіру міндеттері тұруы керек. Бастауыш сынып оқушылары көлбеу жазуға машықтанады. Өйткені көлбеу жазу − икемді жазу. Оның ерекшелігі − әріп құрауға қатысты негізгі штрихтар дәптер сызығына солдан оңға қарай 65° көлбеу орналасады. Дәптер кеуденің ортасына бағытталып, оң жақ үстіңгі бұрышы жоғары, сол жақ үстіңгі бұрышы төмен қарай көлбей қойылуы сызықтың бойымен жазуды іске асырады. Сонда бала жазуды тік жазады, әрі жазу барысында қол сызық бойымен емін-еркін жылжып отырады. Сөйтіп, дәптерді көлбеу ұстау көлбеу жазуды қалыптастырады. Парта, не үстел жиегінен көлбеу бұрыш 25° болуы керек. Бұл ережені орындау нәтижесінде оқушылар жазу техникасының аса бір қажетті шарты - солдан оңға қарай көлбеу жазуға машықтанады[3]. Аталмыш талаптарды орындау бастауыш сынып оқушылары үшін айтарлықтай дәрежеде оңайлыққа түспейді. Әсіресе, мектепке алғаш келген бірінші сынып оқушылары дұрыс отыру ережесін орындауға бірден төселіп, көніге алмайды. Дәптерді стол үстіне дұрыс орналастырып, қаламды дұрыс ұстау икемділігі үлкен төзімділікті, мұғалім тарапынан ұдайы қадағалауды, сыныппен, ондағы әрбір оқушымен жалықпай жұмыс істеуді керек етеді. Көлбеу жазудың қалыптасу барысын оқушылар өз жазуларынан көріп не түсіне білуі қажет. Көлбеу жазудың үлгісін мұғалім тақтаға жазып көрсетеді, тақтада жазуда қол қимылы қалай қозғалатыны арнайы түсіндірілмейді. Өйткені тақтаға жазғандағымен дәптерге жазудағы көлбеу жазудың өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан мұғалім оқушылардың жазу нәтижесіне қарай баса назар аударады.

Жазу дағдыларын игеру үшін оқушы әрбір дыбыс таңбаларының жазылу формасын, олардың бір-бірімен қалай жалғанатынын, жазу кезіндегі гигиеналық талаптарды, әсіресе, жазу жылдамдығы артқан кезде де жазу айқындығын сақтауды меңгеруі шарт. Бұл шарттардың барлығы да балалар бойында жазу кезінде нақты, тұрақты дағдыларды қалыптастыру және оны дамыту барысында жүзеге асады. Жазу жолында әріптердің жалғасу тәртібі, буын мен сөздердің өзара ара қашықтығы белгілі бір мөлшерде болу керектігі үйретіледі. Даярлық кезеңіндегі нүкте мен таяқшаларды жазудан бастап, олар бір-бірімен жақын да, тым алшақ та емес, бірдей қашықтықта жазылатыны түсіндіріледі. Сөзді құрап тұрған әріптер тым сығылысып, не тым жайылып жазылмау керек. Оқушылардың күнделікті жазу сабағында жазған жазуы таза, ұқыпты, дұрыс, дәл, айқын, әдемі жазылған болуы тиіс. Балалардан үнемі таза жазуды талап етіп отырған жөн. Сонда ғана оқушылардың каллиграфиялық дағдылары жүйелі әрі дұрыс қалыптасады.

Қорыта келгенде, бастауыш сынып оқушыларының оқу мен жазу дағдылары неғұрлым жылдам әрі сапалы қалыптаса, соғұрлым ол жоғары сыныптарда оқылатын ғылым негіздерін тез әрі саналы игеретін болады.

 

Поступила в редакцию 06.04.2015 г.



1. С. Рахметова. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. –Алматы: Өлке, 2005. -136 б.

 

2. Тұрдалиева Г.Ж. Бастауыш сыныптарда қазақ ілін оқыту әдістемесі. – Астана: Фолиант, 2007. -292 б.

3. Әуелбаев Ш. Бастауыш класс оқушыларының каллиграфиясын жетілдіру. Кітапта: Бастауыш кластарда қазақ тілін оқыту методикасы. А., 1987.

2006-2019 © Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов.
Все материалы, размещенные на данном сайте, охраняются авторским правом. При использовании материалов сайта активная ссылка на первоисточник обязательна.