ISSN 1991-3087
Рейтинг@Mail.ru Rambler's Top100
Яндекс.Метрика

НА ГЛАВНУЮ

Склонение имени существительного

 

Уайсова Гулнар Инаматовна,

кандидат педагогических наук, профессор Казахского национального педагогического университета им. Абая.

 

Зат есімнің септелуі

 

Уайсова Гулнар Инаматқызы,

п.ғ.к., Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры.

 

Зат есімнің септелуі – қиын тақырыптардың бірі. Мұнда зат есімнің сөйлеу құрылымына ену механизмдері, дәлірек айтқанда, сөз тіркесіндегі, сөйлемдегі, мәтіндегі рөлі айқын ашылады.

Септік – есім сөздердің бір-бірімен қатынасын немесе олардың басқа сөздермен қатынасын білдіретін категория. Әр септік әр түрлі қатынасты айқындайды. Мәселен, атау септік грамматикалық тұрғыдан алғанда, заттың ешбір тәуелсіздігін, бейтараптығын білдіреді. Ал қалған септіктер (атаудан басқалары) өзі тіркескен сөзбен грамматикалық тұрғыдан тәуелді болып келеді.

Тіл-тілде септіктер саны бірдей емес: орыс, украин, белорус тілдерінде – 6 септік; чех, серб, хорватта – 7; неміс тілінде – 4, грек тілінде – 5; ағылшын, дат, норвеж тілдерінде – 2, эстон тілінде – 15, венгер тілінде – 22, қазақ тілінде – 7, кейбір дағыстан тілінде 40 шақты септік бар [1, 289].

Қазақ тілінде жеті септік бар. Атау септіктің арнайы жалғауы болмайды. Ілік септік меншіктілікті, біруге тән екендігін көрсетеді, ал барыс септік қимылдың бағытын, мақсатын білдіреді. Табыс септік тура объектіні білдіріп, етістіктермен тіркеседі. Жатыс септік іс-әрекеттің болу орнын, мекенін, мезгілін; ал шығыс септік қимылдың қайдан шыққанын, басталғанын, неден жасалғанын білдіреді. Көмектес септік қимылдың немен, қандай құралмен, қалай істелгенін және қимылға ортақтықты білдіреді [2]. Міне, әр септіктің осы айтылған мағыналарына назар аудару қажет. Өкінішке орай, тәжірибеде, көбінесе, септік жалғаудың әрқайсысының сұрақтары мен жалғаулары ғана танытылады да, олардың ішкі мазмұнына мән берілмейді. Бұл туралы белгілі әдістемеші ғалым Сейіл Жиенбаев өзінің 1946 жылы жазған «Қазақ тілінің методикасы» атты еңбегінде былай деп жазған болатын: «Құбылыстың ішкі мәнісіне көңіл бөлмей, тек сыртқы форма жағын мазмұндап және айтқанымызды дәлелдемей кете берсек, онда догматизм жолымен жүрген боламыз». Осындай жағдайдан сақтандырады. Мысал келтіреді: «Қазақ тілінде жеті түрлі септік жалғау бар: атау, ілік, барыс, табыс,... Атаудың арнаулы жалғауы болмайды, ілік жалғауда сөздің аяғында -дың, -ның, -тың қосылады. Барыс... -ға,- қа.-ке... Мысал: Атау-бала Ілік-баланың ...».

Сабақты бұлай жүргізу құбылыстың мәнін түсіндірмей, құр атын атап беру болып табылады, яғни догматикалық әдіс қолданғандық болады,– деп түсіндіреді [3]. Демек, ғалым септік жалғауларының атқаратын қызметіне назар аударып, соны түсіндіру қажеттігін ескерткен.

Зат есімнің септелуін оқушыларға догмалық түрде дайын кесте арқылы септік атаулары мен сұрақтарын танытуға болады, бұрын осылай үйретіліп келгені белгілі. Алайда қазіргі әдістеме септік жалғауларын функциональдық тұрғыдан танытуды, яғни ойды жеткізуде әрбір септіктің атқаратын өзіндік қызметі бар екенін ұғындыруды көздейді. Септіктердің мағынасын ұғындыруға мәтіннен, сөйлемнен және олардың ішкі байланысынан бастап көшу керек. Бұл үшін мәтінді талдау негізінде септік кестесі құрылады:

 

Септіктер

 Сұрақтары

 Мағынасы

 Мәтін

Атау

кім? кімдер? не?

нелер?

заттың атауы

Біздің үйдің шатырына қарлығаш ұя салды.

Ілік

кімнің? ненің?

меншіктілік, иелік

Ұяда қарлығаштың балапандары бар.

Барыс

кімге? неге? қайда?

бағыт, мақсатт

Қарлығашқа үнемі балапандарына жем іздеуге тура келеді.

Табыс

кімді? нені?

объектілік

Бір күні биікте ұшып жүрген қарлығашты көрдік.

Жатыс

кімде? неде? қайда?

мекендік, мезгілдік, көлемдік

Бірде ол ұяда қонақтап отырды.

Шығыс

кімнен? неден? қайдан?

шыққан орны, себебі, мезгілі, мөлшері

Ұядан балапандарын ертіп шықты.

Көмектес

кіммен? немен? қалай?

ортақтасу, бірлесу

Мен де қарлығашпен бірге биікке самғасам ғой!

 

Осылайша септік жалғаулары бұрынғыдай дайын күйінде емес, оқушылардың мәтінді талдауы барысында танытылып, бұл жалғау түрі сөйлемде, мәтінде және сөйлеу кезінде әр түрлі мағынаны, әр түрлі байланысты білдіретіні туралы қорытынды жасалады.

Одан кейін аналитикалық және синтетикалық жаттығулар орындатылады: дайын мәтінді талдау және өз мәтінін құру.

Теориялық жұмыс:

* зат есімнің өтілген жалғауларын жинақтау;

* зат есімнің жалғау жалғанған кездегі мағыналық және формалық өзгерістерінің арақатынасы;

* септік жалғауларының сөз тіркесі мен сөйлемдегі синтаксистік қатынастармен байланысы.

* Сұрақтарды оқы және қазақ тіліндегі зат есімдердің септік бойынша өзгеруі туралы әңгіме жаз.

1.Зат есімдердің септік бойынша өзгеруі не деп аталады?

2. Қазақ тілінде неше септік бар?

3. Септік жалғаулары қандай «қызмет» атқарады?

Тақырып бойынша жаттығу түрлері:

а) Берілген зат есімдерді септеу, жалғауларын атау.

ә) Сөйлемдегі немесе мәтіндегі сөздерді тиісті септікке қойып жазу.

б) Мәтінде кездескен септік жалғаулы сөздерді талдау;

в) Сөйлемдердегі септік жалғаулы сөздердің мағынасын түсіндіру (жеңіл, түсінерлік жағдайда).

г) Сөзді ұсынылған септік жалғауына қойып сөйлем құрау.

ғ) Септік жалғауларын ажыратуға және оларды тексеруге арналған жаттығулар.

Зерттеушілік тапсырма:

* орындалған тапсырмаларға ұқсас тапсырмалар құру;

* осындай тапсырмаларды орындау ережесін шығару;

* Ертегіні оқы. Қазақ тіліндегі сөздерді септік жалғауларынсыз елестетіп көр. Содан соң сөздердің неліктен септелетіндігі туралы қорытынды жаса.

Олар не үшін қажет?

Ертеде Жалқаубек деген бала болыпты. Ол барлық пәннің ішінде бәрінен де қазақ тілін ұнатпапты. «Қазақ тілін онсыз да өте жақсы білемін, оны оқып керегі не?» – деп ойлапты. Оған, әсіресе, септік жалғаулары қиын болыпты. Ол септік жалғаулары мен сұрақтарын есінде сақтай алмай-ақ қойыпты. «Осы септіктердің не қажеті бар, – депті ол, – септік жалғаулары тіптен болмаса ғой, қандай жақсы болар еді!» Оның бұл ойын Морфология елінің каролі естіп, тілегін орындапты. Жалқаубек сөйлегенде сөздер атау септіктен айырылмай, өзгеріссіз қатып қалыпты. Содан соң не болғанын білсеңіз ғой!..

* «Септіктер айтысы» тақырыбында күлкілі әңгіме құрау.

Жоғарыда келтірілген тапсырмаларды орындап, септік жалғаулары туралы толық түсінік алғаннан кейін, тәуелдік жалғауында тұрған зат есімдердің септелуіндегі ерекшеліктер таныстырылады. Әрине, бұл жалғаусыз түбір күйіндегі зат есім мен тәуелдеулі зат есімдердің септелуін салыстыру арқылы жүзеге асырылады:

 

Септіктер

 Сұрақтары

Түбір зат есім

Тәуелдік жалғаулы зат есім

Атау

кім? кімдер? не? нелер? кімі? несі?

әке, үй

әкем, үйі

Ілік

кімнің? ненің? кімінің? несінің?

әкенің, үйдің

әкемнің, үйінің

Барыс

кімге? неге? кіміне? несіне?

әкеге, үйге

әкеме, үйіне

Табыс

кімді нені? кімін? несін?

әкені, үйді

әкемді, үйін

Жатыс

кімде? неде? кімінде? несінде?

әкеде, үйде

әкемде, үйінде

Шығыс

кімнен? неден? кімінен? несінен?

әкеден, үйден

әкемнен, үйінен

Көмектес

кіммен? немен? кімімен? несімен?

әкемен, үймен

әкеммен, үйімен

 

Кестедегі мысалдарды өзара салыстырып, талдау нәтижесінде тәуелдеулі зат есімдердің барыс, табыс және жатыс септіктерінде жалғаулары өзгеретіні байқатылады. Нәтижесінде тәуелдік жалғауының 1, 2-жағынан соң барыс септігінде , , тәуелдік жалғауының 3-жағынан соң -на, -не, табыс септігінде , жатыс септігінде -нде, -нда қосымшалары жалғанатыны тұжырымдалады. Содан соң мәтінмен жұмыс жасаған жөн. Мәселен, мынадай тапсырма беруге болады: Мәтінді оқып, септік жалғаулы сөздерді тап және олардың өзара ерекшілігін түсіндір.

Қайрымды қоян

Мейрам күні әке-шешесі кішкене баласын қонақ шақырып келуге жұмсайды. «Ана ағаңды, мына атаңды, әне бір жездеңді шақыр...» – деп, екеуі көптеген адамның атын айтады.

Бала көшеге шығысымен-ақ шақыр деген кісілердің аты-жөнін ұмытып қалады. Үйге барып, қайыра сұрауға бата алмайды. Ол тұрып-тұрып: «Ауылдың адамын тегіс шақырайын, солармен бірге шақыр деген адамдары да келер», – деп ойлайды. Сөйтіп, ол үй біткеннің бәріне кіріп, ауыл адамдарын тегіс қонаққа шақырады. Барлығы да шақырғанына риза болып, келетіндіктерін айтады. Бала үйіне қайтады.

Түсте қонақтың алды жинала бастайды. Ауылдың барлық адамы жиналып, енді тек дастарханның жайылуын күтеді.

Баланың әке-шешесі жиылған жұртты көріп шошып кетіп:

– Мұнысы несі? Мұнша жұртқа тамақты қалай жеткіземіз?– дейді.

Бала шақыр деген адамдарын ұмытып қалғандықтан, үйге кел деп жұртқа түгел хабар бергенін мойындайды.

Ертегі мәтіні оқылып болған соң, септік жалғаулы зат есімдер тапқызылады: баласын, ағаңды, атаңды, жездеңді, адамның, көшеге, кісілердің, аты-жөнін, үйге, қонақтың, ауылдың, адамын, қонаққа, үйіне, дастарханның, жұртты, жұртқа, тамақты.

Септік жалғаулы сөздерді тапқан соң, олардың қай септікте тұрғанын ажыратады және тәуелдеулі зат есімдердің септелуіндегі ерекшелікті түсіндіреді. Бұған қоса тіл дамыту мақсатында ертегіні одан әрі өзің жалғастыр деген тапсырма беруге болады.

Қорыта айтқанда, зат есімнің септелуін оқыту барысында грамматикалық талдаулар және тіл дамыту жұмыстарын, оқушылардың ізденіске түсіретін шығармашылық жұмыс түрлерін орындатқан тиімді болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.                  Хасенов Ә. Тіл білімі. Алматы, «Санат», 1996.

2.                  Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы, «Рауан», 1998.

3.                  Жиенбаев С. Қазақ тілінің методикасы. Алматы, 1946.

 

Поступила в редакцию 14.01.2015 г.

2006-2019 © Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов.
Все материалы, размещенные на данном сайте, охраняются авторским правом. При использовании материалов сайта активная ссылка на первоисточник обязательна.