ISSN 1991-3087
Рейтинг@Mail.ru Rambler's Top100
Яндекс.Метрика

НА ГЛАВНУЮ

Становление методики начального литературного образования как отдельной науки

 

Калимукашева Бакыт Демеуовна,

кандидат педагогических наук, профессор Атырауского государственного университета им. Х. Досмухамедова.

 

Бастауыш әдебиеттік білім әдістемесінің жеке ғылым саласы ретінде қалыптасуы

 

Қалимұқашева Бақыт Демеуқызы,

п.ғ.к., Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры.

 

Әдебиеттік оқу әдістемесінің жеке ғылым саласы ретіндегі мәртебесі әлі беки қойған жоқ. Өйткені ол бұрын «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінің бір бөлімі ретінде ғана қарастырылып келді, соған орай мектеп тәжірибесінде оқушылардың оқу дағдысын және жалпы оқу біліктерін қалыптастыру міндеті басым болды. Бастауыш мектепте бұл пәннің үгіттеушілік, насихаттаушылық рөліне баса назар аударылды. Орта мектепте әдебиетті оқыту әдістемесі жеке ғылым ретінде дамығанымен, бастауыш сыныптағы әдебиеттік біліммен байланысы ескерілмеді.

XX ғасырдың екінші жартысында бастауыш сыныптан бастап әдеби түсінік қалыптастыруға баса назар аудару, көркем шығарманы оқытуға эстетикалық тұрғыдан қарау, бастауыш сыныпта оқушыларға әдебиетті өнер ретінде таныту қажеттігі жиі айтыла бастады. Психологтардың кіші мектеп жасындағы оқушылардың әдебиетті қабылдауына байланысты жүргізілген зерттеулері балалардың потенциальды мүмкіндіктерінің талап етілген деңгейден жоғары екенін көрсетті. Бұл ретте Ресей ғалымдарының мынадай еңбектерін атап айтуға болады: Л.В.Занков лабораториясында жасалған З.И.Романовскийдің оқу сабақтарында оқушылардың жалпы дамуына бағытталған «Живое слово» оқулығы, Н.Н.Светловская оқушылардың өздігінен оқуын дамыту теориясын жасады; Е.А.Адамович, М.С.Василева, В.Г.Горецкий, М.И.Оморокова, Т.Г.Рамзаева және басқалардың еңбектерінде көркем шығармаға түрі мен мазмұнын бірлікте қарай отырып талдау жасау қажеттігі айтылды; бірқатар диссертациялық зерттеулерде (Л.А.Горбушин, О.В.Кубасов, Л.Н.Маль, Л.В.Нефедов т.б.) мәтінмен шығармашылық жұмыс түрлері ұсынылды. Бұл мәселе қазақстандық ғалымдардың да назарында болды. С.Р.Рахметова, Т.М.Әбдікәрімова, Б.Т.Қабатай, Н.М.Сламбекова, Б.Игенбаева, Р.Базарбекова сынды ғалымдар бастауыш сыныпта мәтінмен жұмыс жүргізудің жаңа қырларын, шығармашылық жұмыс түрлерін, мәтіннің тәрбиелік мәнін ашу бағытындағы жұмыстарды жан-жақты талдап көрсетті. Осы айтылғандардың барлығы және қоғамда болып жатқан өзгерістер, уақыт талабы әдебиеттік оқу әдістемесінің жеке сала ретінде бөлініп шығуына әкелді. Әдебиеттік оқу жеке бөлінбей бұрынғысынша қазақ тілі әдістемесінің аясында қалса, оның өзіне тиесілі міндетін ойдағыдай атқара алмас еді. Сөйтіп әдебиеттік оқудың бірінші сыныптан бастап мектеп бітіргенге дейінгі бірыңғай курсын жасау; бастауыш әдебиеттік оқудың әдеби шығармаға көркем мәдениеттің бір бөлігі ретінде қарауға, оны өнер ретінде тануға негізделген жаңа мазмұны мен әдістерін айқындау қажеттігі белгілі болды. Осылайша өмірдің өзі бастауыш әдебиеттік оқу әдістемесінің әдістеме ғылымының жеке саласы ретінде бөлек отау құруына ықпал етті.

Әрбір ғылымның өз зерттеу нысаны мен пәні болатыны белгілі. Нысан – бұл осы ғылым арқылы зерттелетін сала, пән – зерттеу барысында анықталатын байланыстар, қатынастар, заңдылықтар, заңдар; сондықтан бір ғылым саласындағы зерттеу пәнінің көп болуы да мүмкін. Зерттеу нысаны мен пәні заман талабына қарай өзгеріп отыруы заңды құбылыс.

Бастауыш әдебиеттік білім әдістемесінің қазіргі зерттеу нысаны – баланың әдебиеттік білім алу үдерісі, оның мәдени бітімінің қалыптасуы. «Әдебиеттік білім» термині өзара байланысты үш дәстүрлі үдерісті қамтиды: әдебиет арқылы тұлға тәрбиелеу, мектеп пәндерінің бірі ретінде әдебиетті жүйелі түрде оқыту, әдебиеттік дамыту.

Бастауыш әдебиеттік білім әдістемесінің пәні ретінде мыналар қарастырылады:

* әдістеменің теориялық негіздері (әдістемелік тұжырымдар негізделетін әдістемелік, әдебиеттанушылық, психологиялық, психолингвистикалық, дидактикалық, педагогикалық заңдылықтар);

* балалар әдебиеті және мәдени кеңістік байланысы;

* әдеби шығарма (басқа да өнер туындылары) баланың меңгеретін пәні ретінде;

* бала оқырман, автор, дамушы тұлға ретінде;

* әдебиеттік білімнің мақсаты, мазмұны, әдістері және бала дамуы;

* әдебиеттік білім диагностикасы және бала дамуы;

* оқудың қазіргі ресурстары.

Әдістеме – қолданбалы ғылым, яғни зерттеу нәтижелері әрқашан практикалық қолдануға бағытталады. Кез келген пәндік әдістеме тәрізді бастауыш әдебиеттік білім әдістемесі де төмендегі негізгі сұрақтарға жауап беруді көздейді:

* не үшін оқытады? (Әдебиеттік оқуды оқыту мақсаты);

* нені оқытады? (Мақсатқа сәйкес бастауыш әдебиеттік білім мазмұны);

* қалай оқытады? (Мақсатқа, мазмұнға, оқушы жасына сәйкес әдістер);

* Неге солай, неге басқаша емес? (Таңдаған жолдың ғылыми негіздемесі).

Әдетте бұл сұрақтарды ғалым-әдіскер және мұғалімдер қояды, алайда бүгінгі таңда ол жеткіліксіз. Балалар мектепке келгенде, олардың әлеуметтік мәртебесі өзгереді, олар оқыту үдерісінде жетілетін оқушы болып қалыптасады. Сондықтан бұл сұрақтарға оқушы көзімен қарау қажет, сонда біз мынадай парадигманы көреміз:

* не үшін оқимын? (Бала түсінігіндегі оқу мақсаты);

* нені оқимын? (Мақсатқа қатысты әдебиеттік білімнің тұлғалық-қабылдау мазмұны);

* қалай оқимын? (Бала мазмұнды меңгерудің қандай тәсілін қолданады);

* неге осылай оқимын, неге басқаша емес? (Қолданылған тәсілдердің қайсысы нақты оқушы үшін барынша тиімді және неліктен?).

Бұл айтылғандардан біз әдістеменің ғылым ретінде дамуы парадигмалардың бірінен-біріне алмасуында емес, керісінше олардың өзара жақындасуы мен өзара байланысында екенін аңғарамыз. Солай болса да, жоғарыдағы екі парадигманы салыстыра отырып, олардың шешімін табу бағытындағы жұмыстар бастауыш әдебиеттік білім әдістемесінің дамуына қосылатын үлес болатыны анық.

Бастауыш әдебиеттік білім әдістемесі ғылымдар тоғысында пайда болған және әр түрлі ғылымдармен өзара тығыз байланыста дамиды. Нақты айтқанда: әдебиетті және қазақ тілін оқыту әдістемесімен, әдебиет теориясы және тарихымен, мәдениеттанумен, психологиямен, педагогикамен, дидактикамен, информатикамен тығыз байланысты. Алайда әдістеме өзара байланысты саладан дайын білімді ала салмайды, оларды өз міндеттеріне сай түсіндіреді. Әдеби шығарманы көркем шығарма ретінде таныту, оның құрылымын меңгерту, әдеби ұғымдар туралы түсінік қалыптастыру т.б. барысында оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріледі, дидактикалық ұстанымдар (бірізділік, жүйелілік т.б.) сақталынады.

Ғалымдар әдебиеттің бес негізгі қызметін бөліп көрсетеді: эстетикалық, тәрбиелік, аксиологиялық, танымдық, гедонистикалық.

Эстетикалық қызметінің маңызы ерекше, өйткені әдебиет таным, тәрбие, сенім қалыптастыру, сезім дамытуды тек өзіне ғана тән тәсілдермен және құралдармен жүзеге асырады, эстетикалық қабылдаусыз әдебиеттің өнер ретіндегі қызметі іске аспайды. Эстетика дүниені пайдалылығы тұрғысынан емес, әсемдігі, сұлулығы тұрғысынан бағалайды, сондықтан эстетикалық баға – жалыпадамзаттық құндылықтармен байланысты баға деп түсінген жөн. Мәселен, «Дүниетану» курсында оқытылатын «Табиғаттағы маусымдық өзгерістер» тақырыбын алайық, бұл тақырып кіші мектеп жасындағы оқушыларды күз кезінде болатын өзгерістермен: күннің салқындауы, жапырақтардың түсуі, сарғаюы, құстардың жылы жаққа қайтуы т.б. таныстырады, адамдардың күздегі әрекеттеріне, қысқа дайындығына назар аударады. Ал көркем әдебиет болса күз мезгілін адамның қабылдауы туралы айтады, табиғаттың әсем көріністерінің күзге қарай қоңырқай тартуы, күзгі салқындықтың адам қуанышын көңілсіздікке ұштастыратыны т.б.

Аксиология – құндылық әлемінің «құндылықтары» мен сипаты, құрылымы мен иерархиясы, олардың онтологиялық статусы және де құндылық пайымдаулардың табиғаты мен ерекшелігін танудың тәсілдері. Әдебиеттің аксиологиялық және тәрбиелік қызметі өзара тығыз байланысты. Өмірді, өмірдегі жағдаяттарды суреттеп, кейіпкерлердің қылықтарын, ой-толғамдарын, уайым-қайғыларын сипаттай отырып, жазушы оларды бағалайды, мәтіндегі әрбір сөз автордың сезімінен, автордың көзқарасынан туындайды. Бұл ретте әдебиеттік оқудың мектеп пәні ретіндегі мақсаты, міндеттері және құрылу ұстанымдарына да мән берген жөн.

Мақсат пәнді оқытудың оқушының пәнді меңгеруінің ойша болжанған нәтижесімен байланысты стратегиясын анықтайды, ал міндеттері пәнді оқыту үдерісіндегі оқушы мен мұғалім әрекетінің мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін нақты бағытын айқындайды.

Әдебиеттік оқуды оқыту үдерісінде көркем шығарманы өнер ретінде таныту басты назарда болуы шарт, сол себепті оны көркем ойлау заңдарын ескере отырып ұйымдастыру қажет. Осыған орай бастауыш әдебиеттік оқудың басты мақсаты кіші мектеп жасындағы оқушыларды әдеби дамыту болып табылады. Әдеби дамыту дегенде көркем шығарманы толық қабылдауға қабілетті оқырман қалыптастыруды; оқушылардың әдеби шығармашылығын дамытуды, яғни өз ойларын еркін жеткізуге қабілетті, сөйлеу мәдениеті қалыптасқан оқушы тәрбиелеуді түсінеміз.

Бұл мақсаттың жүзеге асуы бірнеше міндетті шешуді қажет етеді:

* эстетикалық қажеттіліктерді, оқырмандық және шығармашылық әрекет мотивтерін, ауқымды мәдени қызығушылық, құндылық бағдарларды қалыптастыру;

* оқырмандық және әдеби-шығармашылық біліктерін қалыптастыру жүйесі;

* әдебиеттану және мәдениеттанудан бастапқы білім беру;

* көркем шығарманы интерпретациялау және талдау әдістерін, танымдық кітаптармен, анықтамалық әдебиеттермен жұмыс барысында ақпараттарды ала білу және өңдеу тәсілдерін үйрету;

* ойлау, қиялдау, эмоцияны дамыту;

* оқырмандық және мәдени кеңістігін кеңейту;

* тұлғаның ақпараттық мәдениетін, библиографиялық білімі мен білігін қалыптастыру;

*оқу дағдысын жетілдіру.

Әдебиеттік оқу курсы эстетикалық ұстанымға және онымен байланысты жүйелілік, түсініктілік, бірізділік, перспективтілік ұстанымдарына сүйенеді.

Эстетикалық ұстаным көркем шығарманы эстетикалық құндылық ретінде қарастырады, сондықтан шығарманы таңдау олардың эстетикалық маңыздылығы тұрғысынан жүзеге асырылады.

Жүйелілік ұстанымы эстетикалық ұстаныммен тығыз байланысты. Шығарманы қабылдау және оқу үдерісі элементтердің өзара байланысына баса назар аударуды, элементтерді бүтіннің бөлшегі ретінде қарауды, оның қызметін, идеяны ашудағы көркемдік мәнін анықтауды талап етеді. Сонымен қатар жүйелілік ұстанымы әдебиеттік білім мазмұнының барлық элементтерінің: мақсат, мазмұн, жұмыс әдістері мен тәсілдері арасындағы байланысты көрсетеді.

Түсініктілік ұстанымы 7 жастан 10 жасқа дейінгі аралықтағы балалардың әдеби дамуы үшін қажетті мазмұн мен оқыту әдістерін таңдауды анықтайды. Кіші жастағы оқушы өзінің потенциалды қабілеттерінің дамуы үшін оқырмандық және әдеби-шығармашылық әрекеттерді қажет етеді. Сондықтан түсініктілік ұстанымы, ең алдымен, кіші жастағы оқушы әдеби шығармалармен танысып, әдеби-шығармашылық әрекетті меңгеруі үшін қажетті білім, білік, талдау тәсілдерін айқындауды көздейді.

Сабақтастық және перспективтілік ұстанымы оқырман қалыптастыру және оқушылардың бірінші сыныптан бітіруші сыныпқа дейінгі әдебиеттік шығармашылығын дамыту бағытын көрсетеді. Әдебиеттік білімнің бастауыш сатысы оқушылардың әдебиеттік даму үдерісінің негізі қаланатын кезең болып табылады, өйткені осы кезеңде әдебиет пән ретінде алғаш рет оқытылады, ал балалардың әдеби шығармашылықтары оқу әрекетіне енеді, олардың оқырмандық және әдебиеттік шығармашылық әрекеттерін қалыптастыру мотивтері мен біліктері де дәл осы кезеңде қалыптасады, олар әдбиеттің өнер ретіндегі табиғатын тани бастайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.                  Рахметова С.Р. Қазақ тілін оқыту әдістемесі, Алматы, 2003.

2.                  Методика обучения литературе в начальной школе, Москва, 2013.

3.                  Львов М.Р., Горецкий В.Г., Сосновская О.В. Методика преподавания русского языка в начальных классах, Москва, 2012.

 

Поступила в редакцию 14.01.2015 г.

2006-2019 © Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов.
Все материалы, размещенные на данном сайте, охраняются авторским правом. При использовании материалов сайта активная ссылка на первоисточник обязательна.